АУРУХАНАДАҒЫ ТҮН
Тереземді осып өтсе жарқанат,
Қақырынып қояды бір қарғалар.
Ай қызарып тұмсығының ұшында,
Ит ұлиды, жел қарасын қармалап. Қажып бітіп қараңғылық зілінен,
Қабырғалар күбірлесті түнімен.
Тек тыныштық ән салады ыңылдап,
Қабаттасып үнсіздіктің үнімен. Өшіп қалған үмітінің шырағы,
Тар көшеде панасыз мас жылады.
Албастының демін сезіп алыстан,
Дірілдейді жапырақтар құлағы.
Қалтарыста – қарақшылар күбірі.
Бұрылыста – жезөкшелер сыбыры...
Үрей иісін сезінеді жәндіктер,
Үйеңкінің қабығына тығылып. Таң алдында Ай көрінсе тұтылған.
Түйсігімнен дауыс шығар құтырған.
...Тірілерге жаназа оқып отырған
Мына түннен дұға оқып құтылғам…